Ауыл

Ауыл тұрғындарының құлшынысы жоғары

Халықты еңбекпен қамту мақсатында мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар аясында биыл біздің облысымызда 20 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Соның ішінде, ауылға ерекше көңіл бөлінеді.

Жыл басынан бері «Ауыл кәсіпкерлігі», отбасылық шаруашылық түрлерін қолдау, т.б. бағдарламалар мен жобалар аясында Алға ауданында 101 адам жалпы сомасы 252,5 миллион теңге көлемінде несие алған.

Осы арқылы 130 жұмыс орны құрылған.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ақбөпе Әбдуәлиеваның айтуынша, ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан іс бастау үшін берілген несиені тек мал шаруашылығы мен бау-бақша өсіруге ғана емес, монша салу, шағын тігін шеберханасын ашу, жолаушылар және жүк тасымалын ұйымдастыру сынды шаруаларға да алып отыр.

Маржанбұлақта жылыжай бой көтермек

Маржанбұлақ ауылының тұрғыны Баян Айтмырзаева, «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында, жылыжай салу үшін 2 миллион теңге көлемінде несие алыпты. Қазір құрылыс жұмыстары  басталып жатыр.

Баян — Байғанин ауданының тумасы.

— Жем бойында бақша салып, отбасымызбен күтіп-баптап үйренгенбіз, бұл істің жай-жапсарын жақсы білемін. Базардан көкөніс сатып алғанды, түрлі химиялық қоспалары бар азық-түлікпен тамақтанғанды өз басым ұнатпаймын, өз қолыңмен бақша өсіріп, мал бағып, дастарқанды табиғи өнімдермен толтырып қою керек. Балаларымның, немерелерімнің күнделікті дұрыс тамақтануын қадағалап отырамын. «Ауру — астан» деген бар, дұрыс тамақтану олардың денсаулығы үшін өте маңызды екенін әрдайым есте ұстаймын, — дей келіп, ол жылыжай ашуға осы ұстанымының әсері бар екенін айтты.

Баян әзірге қияр мен қызанақ өсіруді жоспарлап отыр. Әңгімелесе отырып байқағанымыз, ол тыным таппайтын жандардың қатарынан. Жеңілдетілген несие алып, бір жаңа іс бастауға талпыныс жасап жүргеніне бірнеше жыл болған.

— Бала-келіндерім — жұмыста, дегенмен, өзім де қарап отырғым келмейді. Ұзақ жылдар бойы наубайханада еңбек еттім. Сондықтан бастапқыда нан пісіретін шағын цех ашсам ба деп жоспарлаған едім. Бірақ, ол жолғы жобам сәтсіз шықты. «Қолымыздан басқа да істер келеді ғой» — деп, жан-жақты ойластырып, соңында жылыжайға тоқтадым. Осы ісім нәтижелі болса, кейінірек көкөніс консервілеумен айналысатын цех ашып, әрі қарай кеңейтуге болады. Мысалы, дүкендерде алыстан әкелінген томат пастасы, ұзақ мерзімге сақталатын дәмдеуіштер, түрлі салаттар мен тұздалған қияр-қызанақтар толып тұр. Соларды өз өнімдерімізбен алмастыруға болар еді. Жылыжайдан жақсы өнім алып, ісім жүріп кетсе, оны кеңейтуге де қолдау боларына сенемін, — дейді ол.

Қаладан — ауылға

 Бұрын Ақтөбеде тұрған жас отбасы — Гүлжан мен Әмірбек Түлкібаевтар Ақай ауылына көшіп келіпті. Биыл олар мемлекеттен 6 миллион теңге несие алып, мал бордақылаумен айналысуды жөн көріпті.

— Мал бордақылау жақсы табыс көзі деп есіткеннен кейін, несие алып, іске кірісіп кеттік. 38 бас мал сатып алдық, — дейді Әмірбек.

Гүлжан мен Әмірбек, негізінен, жас мал — баспақ, тайөгіздер сатып алып, бағып отыр. Олардың жемшөбін сайлап қойған. Ауыл шетінен жалға баз алыпты. Мал бағуды оңай демейді, көбірек еңбектенуге тура келеді. Дегенмен, осы істерінің зейнетін көретіндеріне сенімді. Қастарына тағы бір адам алып, оған айлық төлейді.

Несие «Ақтөбе облысының 2016 жылға арналған жұмыспен қамтуды және отбасылық шаруашылық түрлерін қолдауды қамтамасыз ету бойынша шараларды ұйымдастыру» пилоттық жобасы аясында берілген. Бір жылға дейін несие төлеуге жеңілдік қарастырылған.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ақбөпе Әбдуәлиеваның айтуынша, жыл басынан бері аталмыш жоба аясында несие алған алғалықтар 476 бас ірі қара, 160 бас ұсақ мал сатып алыпты. Бұл малдар бордақылау үшін, сондай-ақ отбасылық сүт фермаларын ұйымдастыру үшін де алынған.

Ең жақсы монша

 «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы аясында 7,5 миллион теңге несие алған кәсіпкер Айгүл Алданазарова Алғадағы Сейфуллин көшесі бойынан қоғамдық монша ашты.

Ерлер мен әйелдерге арналған бөлімдердің әрқайсысында бу бөлмесі, душ және шай ішіп, тынығатын бөлмелер бар. Монша іші тап-таза, айнадай жарқырап тұр. Жиһаздары да жап-жаңа.

Моншаға шомылу құны ересектер үшін — 400, балалар үшін 200 теңге. Сондай-ақ, зейнеткерлерге де жеңілдік қаралған — 300 теңге. Алғалықтар бұл моншаны ең жақсы монша санайды. Келушілер: «Заманауи үлгідегі монша көңілімізден шығады» — дейді.

Кәсіпкер осы монша арқылы екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал монша құрылысы үш жарым айға созылып, сол уақыт ішінде 7 адам жұмыспен қамтылыпты.

Шынардың шеберханасы

 Қарағаш селолық округінің орталығы Самбай ауылының тұрғыны Шынар Дәулетова да «Ауыл кәсіпкерлігі» бағдарламасы аясында 1,3 миллион теңге несие алып отыр.

Ауылдастары оны бұрыннан тігінші ретінде таниды. Дегенмен енді қасына туыстары арасынан екі тігінші алып, отбасылық шағын шеберхана ұйымдастырмақ. Мемлекеттен берілген несиеге ол жаңа тігін машиналарын сатып алды.

Шынармен бірге жаңа іске кіріскен екі тігіншінің бірі — Айнұр.

— Жаңаның аты — жаңа, бұл техниканың мүмкіндіктері көп екен. Қарап, үйреніп жатырмыз. Негізі, тек осы ауылдан ғана емес, облыс, аудан орталықтарынан да тапсырыстар аламыз. Әсіресе, Наурыз, Жаңа жыл мерекелері кезінде тігіншілерге тапсырыс көп болады. Сондай-ақ, біз мектеп формаларын да тігеміз, — дейді Айнұр.

Бұл шеберхана тігіншілеріне қыз жасауына да тапсырыс беруге болады. Құрақ көрпелер, жастық, төсек жаймаларын тігеді.

Айнұр — бес баланың анасы.

— Үлкен ұлым мен келінім де — студенттер, тағы төрт балам — мектеп жасында. Балаларды өсіріп-жеткізу үшін табыс көзі керек. Сондықтан шеберхана ашуға мүмкіндік берілуі біз үшін үлкен қуаныш болды, — дейді ол.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button